Байланысқа арналған телефондар:
» » Отырар ауданында екі мақта өңдеу зауытының құрылысы басталды

Отырар ауданында екі мақта өңдеу зауытының құрылысы басталды

26 Қантар 2025, Жексенбі
14
0
Отырар ауданында екі мақта өңдеу зауытының құрылысы басталды

Түркістан облысы, Отырар ауданында екі мақта өңдеу зауытының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаға сәттілік тіледі. Инвесторлармен кездесіп, мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасымен танысты. Аймақ басшысы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, кедергілер туындаған жағдайда уақытылы хабар беруді ескертті.

"Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" ЖШС бастамасымен және "Түркістан" ӘКК" АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл жоба заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары сапалы шикізат базасын қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттары, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орны және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынады. Қазіргі таңда әкімшілік ғимараты, шаруашылық базасы, сорғы станцияларының құрылысы жүргізілуде. Жалпы инвестиция көлемі – 80 млрд теңге.

Жоба толықтай іске қосылғанда, жылына 160 мың тонна мақта өңдейтін төрт заманауи зауыт және 6 мың тонна мақта тұқымын өндіретін желі жұмыс істейтін болады. Биыл екі зауыт іске қосылса, 2026 жылы тағы екі зауыттың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Жоба нәтижесінде жақын маңдағы аудандар мен қалалардан 1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Отырар ауданында өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы "Turan" арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізілетін болады. Бұл жоба өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосады. 
Тілші: Жүрсінбай Аружан Сабырқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать