ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕРГЛІКТІ БЮДЖЕТІНЕ 114,3 МЛРД ТЕҢГЕ ТҮСІМ ТҮСІП, ЖОСПАР 114,7%-ҒА ОРЫНДАЛДЫ

2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Түркістан облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды. Жиынға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы және мемлекеттік активтер басқармаларының басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Облыс бойынша 5 айда 114,3 млрд теңге көлемінде салықтар мен өзге де түсімдер жиналып, жоспар 114,7%-ға орындалды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық. Яғни, өңірде салық базасы кеңейіп, экономикалық белсенділік артқан.
Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, бұл көрсеткіш – жергілікті бюджеттің тиімді жоспарлануы мен кіріс көздерінің нақты әрі уақтылы орындалуының нәтижесі. Сонымен қатар, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттарды игеру де қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы 2025 жылдың алғашқы бес айында қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республикада бірінші орынға шықты. Жалпы өңірлік өсім – 120,4%. Бұл – үлкен жетістік. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіптің өңдеу және тау-кен салаларындағы жоғары өсім арқылы қол жеткізілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 593 млрд теңгеге жетіп, 14,8%-ға артты. Жоспардың орындалуы – 105,5%.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жиын барысында аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол бюджет түсімдерін сапалы орындап қана қоймай, қаржыны уақтылы әрі тиімді игеруді тапсырды. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері заң аясында жұмыс жасап, объективті себептермен қаржының игерілмеуіне жол бермеуі қажет екенін ескертті.
2023 жылдың осы кезеңінде облыс бюджетінің кірістері 98,4 млрд теңгені құрап, жоспар 105% деңгейінде орындалған еді. Өткен жылы бюджет кірістерінің өсімі 5% көлемінде болған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 103,7% деңгейінде қалып, 100,1 млрд теңге кіріс жиналған. 2025 жылғы 114,3 млрд теңге және 114,7%-дық орындалу — соңғы үш жылдағы ең жоғары нәтиже.
Экономикалық өсім де бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. 2023 жылы экономикалық өсім 107% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 112% деңгейінде болған. Ал биылғы 120,4% — аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында бетбұрыс жасағанын көрсетеді.
Мұндай көрсеткіштердің басты артықшылығы – аймақтағы әлеуметтік жобаларға, инфрақұрылымға, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге мүмкіндік туады. Қаржының ұлғаюы мектеп, аурухана, жол, сумен қамту секілді салаларға салынатын инвестицияның артуына сеп болады. Сонымен бірге, жұмыспен қамту мен бизнеске жағдай жасау арқылы халықтың өмір сапасы да жақсарады.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, Мемлекет басшысының 2025 жылы жалпыұлттық экономикалық өсімді 7%-ға жеткізу туралы тапсырмасын Түркістан облысы толық орындап отыр. Алдағы уақытта осы деңгейде сақтап қалу және бюджеттің игерілуін сапалы қамтамасыз ету – басты міндет.
Басқарма облыстың стратегиялық бағыттарына сәйкес жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша да жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
2025 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысы бюджет түсімі мен экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада көш бастады. 114,3 млрд теңге түсім – бұл өңірдің басқару тиімділігін, қаржы тәртібін және экономикалық әлеуетінің жоғары екенін айқындайды.
Өткен жылдармен салыстырғанда бұл өсім айқын әрі тұрақты даму стратегиясының нәтижесі. Енді бұл қаржыны тиімді пайдалану, бюджет қаржысының әрбір теңгесін халыққа пайдалы етіп жұмсау – негізгі мақсат болмақ.
Тілші: Алимбетов Азамат





